Индонезия Республикасының Елшісінің Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне сапары

2025 жылдың 24 ақпанында университетімізге Қазақстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, Жоғары Мәртебелі мырза Мохамад Фаджрул Рахман келді.

Университет басшылығымен өткен кездесуде білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, шетелдік ғалымдарды тарту және білім беру мен ғылыми жобаларды іске асырудағы тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Сондай-ақ, Елші Медицина жоғары мектебінің, Агротехникалық институтының және Педагогикалық институттың студенттерімен кездесті. Кездесу ағылшын тілінде өтті. Студенттер индонезиялық билермен толықтырылған мәдени бағдарламаны тамашалады. Мырза Рахман Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты ынтымақтастық, экономикалық серіктестік мүмкіндіктері және Индонезияның жаңа астанасы – Астана қаласының бауырлас қаласы атанған Нусантараның құрылысы туралы баяндады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті индонезиялық студенттер мен ғалымдармен әріптестік орнатуға ашық, академиялық байланыстарды нығайтуға және Индонезияның жетекші сарапшыларын университетімізге шақыруға дайын.

Жоғары Мәртебелі Мохамад Фаджрул Рахман мырзаға сапары мен жемісті кездесуі үшін алғысымызды білдіреміз!